Қызылорда облысының диқандары көктемгі егісті бастауға дайын

Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Омархан Пәшкенов хабарлады.
Басқарма бастығы орынбасарының айтуынша, Сыр бойының диқандары биыл 157 мың гектардан астам алқапқа әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды жоспарлап отыр. Соның ішінде 70 мың гектардан сәл артық танапқа күріш дақылы себілмекші. Қалған ауқымды картоп, көкөніс, бақша және мал азығындық дақылдар толықтырады. Қазіргі күндері облыстың ауыл шаруашылық саласы күріш себуге дайындық үстінде. Осыған байланысты көктемгі дала жұмыстары кестеге сай өзінің кезегімен жүріп жатыр. Шаруашылықтарға жанар- жағармай белгіленген кесте бойынша жеткізілуде. Ал егін науқаны кезінде оның 16 мың тоннасы қажет болатыны қазірдің өзінде белгілі. Диқандар қауымы қазіргі күндері сонымен бірге, тыңайтқыштар сатып алып, субсидия алу үшін тиісті құжаттарын дайындауда.
«Биыл дәнді дақылдарды 78,9 мың гектар жерге еккелі отырмыз. Сафлор егісін 1,4 мың гектарға ұлғайтып, ол 326 гектарға себілді. Сондай-ақ жоңышқа 6100, жаздық бидай 1213, жаздық арпа 50 гектар жерге егілді. Үстіміздегі жылы облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау мақсатында мал шаруашылығы, егіншілік, су, зиянды жәндіктермен күрес және де басқа шаралар үшін мемлекеттен 3,7 млрд. теңге субсидия бөлініп отыр»,- дейді О.Пәшкенов.
Көктемгі дала жұмыстарын әдеттегідей облыстың оңтүстік аудандары бірінші болып бастайды. Айталық, Жаңақорған ауданындағы «Түгіскен», «Сұңқар», «Жаңақорғантехника», «Жаңаарық» шаруашылықтары егіске толық дайын. Аудандағы қалған шаруашылықтардың күріш егістіктерінің көлемі едәуір аз. Оған қарағанда, Қазалы ауданы бұл жұмыстарды бірер аптаға кеш қолға алады. Аудандағы ең ірі шаруашылық - «РЗА» АҚ биыл 3 мың гектар атырапқа күріш егуді межелеп отыр. Мұнда мамырдың басында 750 гектарлық аумаққа жүгері егу басталады. Шаруашылық басшылары жұмысты кешеуілдетуге ешқандай себептің жоқ екенін айтады. Барлық техника дайындық сапында тұр.