Қызылорда облысының ішкі істер органдары «Жасөспірім» акциясын өткізді

ҚЫЗЫЛОРДА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысының ішкі істер органдарында қаңтардың 12-17-сі аралығында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәр Дүйсенованың хабарлауынша, акция барысында ішкі істер органдарына 402 жасөспірім әкелінген.
None
None

Олардың 299-ы әкімшілік құқықбұзушылық жасағандары, 92-сі спирттік ішімдік ішкендері, 12-сі қаңғыбастыққа салынғаны, ал екеуі қылмысқа ұрынғандары үшін жеткізілген.

Іс-шара аясында тәртіп сақшылары облыс аумағында рейдтер жүргізіп, сауда орындарын тексерген. Бұл жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатқан 21 дерек анықталды. Мысалы, Қазалы ауданының орталығында орналасқан мини-маркет сатушысы 17 жастағы жасөспірімге темекі сатқаны үшін мемлекетке 7 560 тенге айыппұл төлейтін болды. Кәмелетке толмағандарға алкогольдік өнімдерді сату фактілері де кездескен. Мұндай оқиға 14 рет орын алған. Мәселен, Қызылорда қаласындағы дүкен сатушысы 16 жасар жасөспірімге «Хлебная Русь» арағын сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 7 560 теңге айыппұл салынды.

Түн ауа жүргізілген рейдтер барысында жасөспірімдермен көңіл көтеретін орындар мен компьютер клубтарында жүрген 14 жасөспірім тексерілді.

Айта кету қажет, жедел-профилактикалық іс-шарасының тыңғылықты өтуіне облыстық «Нұр Отан» ХДП мүшелері, педагогтар мен медицина қызметкерлері, орта мектептердегі ата-аналар комитеттері белсене атсалысты.

Соңғы жаңалықтар