Қызылорда облысының коммуналдық қарызы 570,1 млн. теңгеге жетті

Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Жарқынбек Баджанов мәлімдеді.
- Бұл қарыздардың 77 пайызы тұрғындардың үлесіне тиеді. Нақты цифрмен баяндасақ, ол 439 млн. теңгені құрайды. Қарыздардың тағы 4 пайызы немесе 22,8 млн. теңгесі бюджеттік мекемелерге тиесілі болса, 19 пайызы, яғни 108,3 млн. теңгесі басқа заңды тұлғалардың берешегі болып отыр, - деді ол.
Басқарма бастығының айтуынша, басқарма бұл қарыздарды қазынаға қайтару мақсатында ұдайы мониторинг жүргізіп келеді. Алайда, мұның өзі айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Облыста коммуналдық төлем қабылдайтын 444 орын, оның ішінде 152 почта бөлімшесі, 24 банк филиалы, 199 терминал, 67 касса жұмыс жасауда. Тұрғындар берешегін өндіру мақсатында тұрғылықты жері бойынша рейдтер ұйымдастырылып, сот жүйесі арқылы қарыздарды өндіру жұмыстары жүргізілуде.
Тағы бір дерек, биылғы жылдың басындағы коммуналдық қарыздар көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға өсіп кеткен.