Қызылорда облысының көшелерін жарықтандырып, бейнекамералар орнатуға 800 млн. теңге бөлінеді - Қ.Көшербаев

ҚЫЗЫЛОРДА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Биыл Қызылорда облысының көшелерін жарықтандыруға және оларға бейнекамераларды орнатуға 800 млн. теңге бөлінеді.
None
None

Бұл туралы өңір әкімі Қырымбек Көшербаев құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің отырысында айтты.

Басқосуда облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Әмірбек Шаймағамбетов облыс орталығындағы көп қабатты үйлердің аулалары мен көше-жол тораптарына орналасқан бейне-бақылау камераларының аздығын айтты. Өз кезегінде бұл осы маңайларда әртүрлі қылмыстардың өсе түсуіне әсер етуде. Статистикалық мәлімет бойынша, 2012 жылы облыс көлемінде барлығы 9 мың 784 қылмыс тіркеліп, 2011 жылмен салыстырғанда 43,3 пайызға өсім алды. Оның ішінде, қоғамдық орындардағы қылмыс 2 мың 544 деректі құрап, 104,3 пайызға өссе, көше қылмысы 1 мың 773 деректі құрады, бұл - 100,3 пайыз.

Көп қабатты тұрғын үйлердің аулалары мен кіре берістерінде жарық шамдарының мүлдем жоқтығы, кодтық құлыптар мен үйфондарының орнатылмауы, түн мезгілінде тұрғындардың жеке автокөліктерін аулаларға қараусыз қалдыруы салдарынан пәтер ұрлығы мен автокөлікке қатысты жасалған қылмыстар 44,9 пайызға өскен. Қазіргі таңда облыс орталығында барлығы 619 көп қабатты үй бар. Оның небәрі 31 пәтерінде күзет-дабыл қондырғылары орнатылған. Бұл бар болғаны 5,1 пайызды ғана құрайды. Сол сияқты қалада бар-жоғы 24 үйге, яғни барлық көп қабатты үйлердің 2,6 пайызына кодтық құлыптар орнатылған. Ал аулаларды аралау барысында қаламыздағы көптеген үйлердің кіре берістерінің есіктері сынған, тіпті, мүлдем есіктері жоқ кіре берістер де бар екендігі анықталды. Мұның бәрі облыс орталығында әлі де болса, тұрғындардың қауіпсіздігі шараларын жасауға жеткілікті мән берілмей келе жатқанын көрсетеді.

Жиында сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құқық қорғау органдарының есепті кезең ішінде атқарған жұмыстарына оң баға бере келіп, олардың алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталды. Осы орайда жергілікті билік «Қызылорда облысындағы құқық бұзушылықтарды алдын алудағы өңірлік бағдарламаға» сәйкес құқық қорғау органдарына көмек көрсетуін одан әрі жалғастыра беретін болады. Бұл сөздің дәлелі ретінде облыс әкімі биыл жоғарыдағы көп қабатты тұрғын үйлер аулалары мен көше-тораптарды жарықтандыру, оларды бейнекамералармен қамту жұмыстары үшін облыстық бюджеттен 800 млн. теңге қаржы бөлінетінін айтты. «Бұл осы салаға бірде-бір облыста бөлініп көрмеген көп қаржы», - деді Қырымбек Елеуұлы. Облыстың жаңа әкімі қоғамдық тәртіпті нығайта түсу бағытындағы жұмыстарға бұдан да басқа қолдаулар көрсетілетінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар