Қызылорда облысының мектеп-интернатында алтыншы сынып оқушысы асылған күйінде табылды

Бұл туралы «Экспресс К» газетіндегі «У семи нянек дитя в петле» деген мақалада (автор Инна Бекеева) жазылды.
Баланың анасы ұлының өзіне-өзі қол жұмсағанына сенбейді. Ал құқық қорғау органдары әзірге қандай да бір пікір беруден бас тартып отыр, олар сараптама нәтижесін күтуде.
Қызылорда облысы бойынша балалардың құқығын қорғау жөніндегі департаменттен хабарлағандай, алтыншы сынып оқушысы екінші және үшінші сабақтың арасында болған қоңырау кезінде асылып қалған.
- Біз бұл жан түршігерлік оқиға жайында ести салысымен, интернатқа бардық. Анықталғандай, сабақта марқұм бала мен оның сыныптастары арасында дау-дамай орын алған. Оның басы ауырып отырған, мазасы қашқан оқушы екі сыныптасынан шуламауды өтінген. Сыныптастары оның сөзін елемей, құлақ аспаған соң, оларға кітапты лақтырып жіберген. Лақтырған кітап біреуінің құлағына, екіншісінің көзіне тиген. Мұғалім тәрбие сағатын өткізген, оның сөзіне қарағанда ол ұлдарды татуластырмақ болған, - деді департаменттің бас маманы Шолпан Жүнісова.
Алайда қоңырауда ұл бала өзінің бөлмесіне барып, асылып қалған. Шолпан Оралбаевнаның сөзіне қарағанда, марқұм нашар отбасынан шыққан бала болған. Анықталғандай, интернаттың тәрбиеленушісі өткен жылдың қараша айында өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Сол кезде оның бұл әрекетін сыныптастары байқап қалып, өлім аузынан құтқарып қалды. Дегенмен интернаттың басшылығы бұл фактіні жасырып қалуды жөн көрді.
Қазіргі уақытта интернаттың директоры қызметінен босатылды.
Айта кетейік, бұл интернат жайлы жуырда ғана облыстық прокуратурада сөз болды. Тексеру амалдары көрсеткендей, интернаттың материалдық-техникалық базасы тым нашар. Қызылорда облысының прокуроры Сапарбек Нүрпейісовтың сөзіне қарағанда, «түрмеде де бұл жердегіден жағдай жақсы. Ал бұл балалар, біздің балалар. Бұл мәселелерді туындататын адамдарды қуу керек. Интернатта ыдыс-аяқ жетіспейді. Бар ыдыстың жай-күйі нашар, лас, ескі-құсқы. Асүйдегі алты плитаның үшеуі жұмыс істемейді, ыстық су жоқ, мекеме бұрыннан жөндеуді қажет етеді. Жатын бөлмелерде кереуеттердің арасынан аяқ алып жүру мүмкін емес, тым жақын орналасқан. Төсеніштер жыртылған, киім-кешек әбден тозған. Дәретханалардың жағдайы мүлдем нашар, жуынатын раковиналарды тот басқан, сау-тамтығы жоқ. Оқу корпусының сыныптары тар, бір партаға үш баладан отырады. Жарық әлсіз, терезелерден суық жел ұрып тұр. Тексерудің жүргізілгеніне қарамастан, интернаттың жағдайы жақсарар емес».