Қызылорда облысының прокуроры «Ашық есік» күнінде азаматтарды қабылдады

ҚЫЗЫЛОРДА. 23 сәуір. ҚазАқпарат - 22 сәуір күні Қызылорда облысының прокуроры Сапарбек Нұрпейісов «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалымен бірге «Ашық есік» күнін өткізді.
None
None

Іс-шараға сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков, қала прокуроры Әбдікәрім Абдуллаев, облыстық прокуратураның басқарма басшылары мен облыс прокурорының аға көмекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.

«Ашық есік» күніне қатысқан 20-ға жуық аймақ тұрғыны жол полицейлерінің заңсыз әрекеттері, жер телімдерін үлестірудегі өрескелдіктер және дәрігерлердің қателігі сынды мәселелерді облыс прокурорына жеткізді.

Қоғамдық қабылдауға келгендердің барлығы дерлік шындық іздеген жандар. Бірі сот шешіміне келіспейтінін білдіріп, енді бірі жол сақшыларының қызмет бабын асыра пайдаланып, заңға қайшы әрекет ететіндіктерін айтты. Баспана тауқыметін тартқан мүмкіндігі шектеулі азаматтар да прокурорға жанайқайларын жеткізді. Арбаға таңылған жандар Зәуре Өксімбаева, Гүлжайна Мұсаева пәтер кезегіндегі келеңсіздіктерді анықтауды сұрады. Мәсәлен, қабылдауға келгендер қатарындағы Әлібек Жұмабаев дәрігер қателігінен соң мұрнымен тыныс ала алмайды. Ол 17 жыл бұрын жарақаттың салдарынан қисайып, косметологиялық ақау болған мұрнын түзету үшін облыстық медициналық орталықтың құлақ, мұрын, тамақ аурулары бөлімшесінде ота жасатады. Әлібектің айтуынша, дәрігердің отасынан кейін жағдайы керісінше, нашарлаған.

«Мұндай мәселенің бәрін өте қатаң, заңды түрде қараймыз. Өйткені, оларды да тәртіпке шақыратын, сосын жауапкершілікті күшейтетін кез келді. Халықтың күтетіні сапалы медициналық көмек», - деді облыс прокуроры. Бұл мәселені бақылауға алу үшін өзінің орынбасары Нариман Мақұлбеков пен қала прокуроры Әбдікәрім Абдуллаевқа тапсырма берді.

Сонымен қатар, осыдан бірнеше ай бұрын Атырау облысына алып барып, құрылыс салғызғанымен «Қызылорда Асыл-Ардақ» құрылыс компаниясынан тиісті жалақысын ала алмай жүрген бір топ жұмысшылар қабылдауда болып, облыс прокурорынан мәселені шешіп беруді сұрады. Аталған фактіге орай тиісті лауазым иелеріне істің заңдылығын қамтамасыз етіп, жалақыны өндіруді қамтамасыз ету тапсырылды.

«Ашық есік» күнін қорытындылаған облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісовтің айтуынша, былтыр осындай уақытта арызданушылар саны 24 болса, қазір 50-ден асып отыр. Сондай-ақ прокуратура органдарының қабылдауында болған азаматтардың саны былтыр 235-тен астамды құраса, биыл 500-деп асып жығылды. Бұл өз кезегінде халықтың прокуратура органдарына деген сенімінің артуын көрсетеді.

Жалпы, қоғамдық қабылдауға тек облыс орталығының ғана емес, шалғай елді мекендердің де тұрғындары келіп, талап тілегін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум