Қызылорда облысының үш ауданында карантинге қарамастан той жасалған

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында карантин уақытында үйлену тойы мен отбасылық жиын өткізген тұрғындар тиісті жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысының үш ауданында карантинге қарамастан той жасалған

Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға баса назар аударып отыр.

Аталған заңбұзушылықтар Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес құрылған мобильді топтардың рейді кезінде анықталған. Нәтижесінде карантин талаптарын бұзған 10 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды.

«Оның үшеуі үйлену тойы мен отбасылық жиындарды ұйымдастыруға қатысты болып отыр. Ал, жетеуі санитарлық-гигиеналық талаптарды орындамауына байланысты осындай жазаға тартылды. Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарының тұрғындары өңірдегі қатаң карантин талаптарына қарамастан той жасаған. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану мен дүкен қызметкерлері қорғаныш құралдарын кимей халыққа қызмет көрсеткен», - деп мәлім етті Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен.

Департамент өкілдерінің хабарлауынша, аталған олқылықтар бойынша 15 айлық-есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынды.

Онда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарының, сондай-ақ гигиеналық нормативтердің бұзылу жағдайы назарға алынған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылордада дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі шешіліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.