Қызылорда өңіріндегі отандық тауарөндірушілерді қолдау мәселелері талқыланды (ФОТО)

Кеңес отырысында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмахановтың Палатаның 9 басым бағыттары бойынша хабарламасы тыңдалып, өңірде Индустрияландыру картасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысы, отандық тауарөндірушілерді қолдау мәселелері талқыланды.
Индустрияландырудың бірінші бесжылдығында Қызылорда облысында жалпы құны 60,8 млрд. теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылып, 1 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.
Соның ішінде аса маңыздылары күкірт-қышқыл зауытының құрылысы («СКЗ-U» ЖШС), Құмкөл газтурбиналық стансасында әрқайсысы 25 мВт-тық 2 қосымша газтурбиналық құрылғының құрылысы («ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ), газды пайдалану бойынша ІІ кешен құрылысы («Қазгермұнай» АҚ) болып табылады.
Іске қосылған 15 жобаның 7-еуі толық қуаттылықта жұмыс жасауда.
Екінші бесжылдықта жалпы құны 139,2 млрд.теңгені құрайтын 22 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Нәтижесінде жобалардың құрылысы кезеңінде 2 мың, тұрақты 2,4 мың жұмыс орны ашылмақ. Соның ішінде биыл 8426 млн. теңгенің 11 жобасы жүзеге асырылуда.
Мәжіліс барысында ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев мемлекеттік сатып алулар мен ұлттық компаниялардың сатып алулары отандық бизнесті дамытуда пәрменді күшке айналуы тиіс екендігін айта келе: «Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеттерінің бірі - отандық өндірушілерді ұзақмерзімді келісімшарттармен қамтамасыз ету. Қазақстандық бизнес ұлттық компаниялардың сатып алуларын игере алуы тиіс және игере алады да», - деді.
Аймақта отандық тауарөндірушілерді қолдау бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Өңірдің тауарөндірушілері күріш, сүт, макарон, сондай-ақ шұжық және өзге де өнімдердің кең түрлерін ұсынуда.
Осы ретте «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында Қызылорда қаласының ірі 15 сауда үйінде және 17 супер және шағын маркеттерінде секциялар ашылып, арнайы логотиптер жапсырылған отандық тауарөндірушілердің тауарлары орналастырылды. «Ажар», «Жайна», «Мирас», «Сұлтан», «Универсам», «Халықтық», «Small» сынды халық көп шоғырланатын орындар отандық тауарөндірушілердің өнімдеріне көрнекті жерлерді ұсынды. Сондай-ақ облыстың аудандарындағы 36 ірі дүкенде де осындай шаралар қабылданды.
«Қазақстанда жасалған» акциясы қызылордалықтар арасында үлкен қолдауға ие болып, БАҚ және түрлі мәдени-көпшілік шаралар арқылы облыс тұрғындары кеңінен ақпараттандырылуда.