Қызылорда өзінің 195 жылдық мерейтойына толымды табыстармен жетіп отыр - қала әкімі Н.Нәлібаев

ҚЫЗЫЛОРДА.11 қазан. ҚазАқпарат - Сыр бойындағы бас қала - Қызылорда қазанның 1-інен бері өзінің ірге көтергеніне 195 жыл толуын кең көлемде, жан-жақты тойлау үстінде.
None
None
Мерейтойдың шарықтау шағы 8-10 қазан күндеріне тура келіп тұр. Дегенмен, тойдың дүмпуі бұдан кейін де бірден басылмайды. Ол 12 қазанда облыс аудандарының дәстүрлі «Алтын дән» мерекесіне ұласып, оның соңы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне айналады. Одан соң Қарағанды облысының Қызылорда облысындағы мәдени күндері эстафетаны жалғап әкетеді. Біздің тілшіміз осы тойдың бір сәтінде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жолығып, осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың жайын сұраған еді. «Қызылорда қаласының арғы тарихына көз жүгіртер болсақ, тамыры тереңде жатыр. Қала негізі Қамысқала атты елді мекенде Қоқан хандығының Ақмешіт бекінісі ретінде қаланған. 1853 жылдан бастап, басқыншы, генерал В.А.Перовскийдің атымен бекініс Перовск форты аталды. 1867 жылы оған қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналды. 1901-1906 жылдары Орынбор-Ташкент теміржолы салынған тұста қала халқы тез қарқынмен өсті. 1917 жылы 30 қазанда (12 қараша) Кеңес өкіметі Қазақстанда бірінші болып, Перовскіде орнады. 1922 жылы қаланың Ақмешіт аты қайтарылғанымен, 1925 жылдың сәуірінде Қызылорда деп қайта өзгертіліп, Қазақ АКСР-ның астанасы мәртебесі (1929 жылға дейін) берілді. Қалада алғашы қазақ драма театры (қазіргі Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық театры) ашылды. Сөйтіп, Қызылорда қазақ жұртының алғашқы астанасының бірі болды. 1938 жылдан облыс орталығына айналды. Сырдың бас қаласының көшелерінде көптеген алаш қайраткерлеріның, қазақ зиялыларының ізі қалған. Бүгінде еліміздің тәуелсіздігінің арқаксында Қызылорданың екінші тынысы ашылып, гүлденген экономикалық-мәдени орталыққа айналуда. Қаланың архитектуралық келбеті жаңарып, тарихи орындар қайта жаңғыртылды. Жаңа әуежай, аквопарк, Сарқырама арнасы, жағажай, төрт жұлдызды «Самал» қонақүйі және басқа сәулеттік ансамбльдер қаланың көркін асқақтата түсуде. Бұл той - тек Қызылорда қаласының ғана емес, бүкіл Сыр бойы жұртшылығының тойы. Ол қаланың рухани, экономикалық және әлеуметтік әлеуетін көрсету мақсатында, оны күшейте түсу мүддесіне сай өткізіліп жатыр. Елбасы Алаштың анасына балаған Сырдың бас қаласы - Қызылорданың мерейтойы біздің алдағы күндерге баратын бағытымызды да айқындап береді. Сондықтан да облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей басшылығымен қолға алынған бқл тойдан біздің де күтеріміз көп», - деді қала әкімі сөз басында. «Қала күні - бұл тек Қызылорданың ғана емес, барша аудандардың дамуына жаңа серпін беруге тиіс шара болып отыр. Сондықтан Қызылорда қаласының ел өміріндегі стратегиялық маңыздылығын көрсету басты міндеті тұр», - деді ол тағы. «Облыс тарихы үшін маңызы бар мерейтойды өз деңгейінде атап өту мақсатында мерекенің негізгі іс-қимыл бағытын анықтайтын «Қала күні» мерекесін ұйымдастыру және өткізудің арнайы тұжырымдамасы дайындалып, «Қызылорда-серпінді дамушы облыстың көрінісі, жаңғырудың, жаңарудың, дамудың үлгісі» тезисі мерекелік іс-шаралардың басты идеясы болып белгіленді, - деді Нұрлыбек Машбекұлы бұдан әрі. - Мерекеге дайындық барысында қала аумағындағы көшелер, үйлердің қасбеті мерекеге сай безендірілді, сондай-ақ гүлзарлар, саябақтар, аула аумақтары, басқа да қоғамдық орындар көгалдандырылып, тәртіпке келтірілді». Бұған қосатын тағы бір жаңалық, «Қала күніне» облыс аудандары мерекелік тартулар жасап жатыр. Бүгінде қаланың арнайы белгіленген аумақтарынан сквер-аллеялар салынуда. Сонымен бірге қаланың көркемдік-эстетикалық сәнін, келбетін жақсарту бағытында Жібек жолы көшесі бойына арнайы жасанды «гүл композициясы» қойылып, электр бағандарына 600 дана гүл шарлары орнатылды. Осындай түрлі шынайы заттарға ұқсас жасанды композицияларды қаланың бірнеше аймағына қою жөнінде эскиздік ұсыныс әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде. Осылардың жайын тарқатып айтып берген Н.Нәлібаев қаланың түнгі жарықтандыру жұмыстарында жаңа қондырғы құрылғылар іске қосыла бастағанын жеткізді. Орталық көшелердегі 25 аркалық қондырғы қайта жөндеуден өткізіліп, флекс-неон шамдары арқылы ұлттық ою-өрнекте бейнеленуде. «Қала бюджеті жыл басында бекітілген 23 млрд. 699 млн. теңгеден 40,3 пайызға ұлғайтылып, 33 млрд. 251 млн. 390 мың теңгені құрады.Ол облыстық бюджеттен бөлінген нысаналы даму трансферттері және қала бюджетінің кіріс бөлігінің артығымен орындалуы, салық түсімдерін арттыру есебінен көбейіп отыр. Облыс әкімінің қолдауымен 2013 жылы коммуналдық шаруашылық саласына республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы 2,5 есеге өсті», - деді Н.Нәлібаев. «Республикалық, жергілікті бюджеттерден 5 млрд. 317 млн. теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 93,6 шақырымды құрайтын 76 көшеге қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қалалық бюджеттен бөлінген 101 млн. 200 мың теңгеге 82 көшенің жолдары ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Әуежайдан қалаға дейінгі жолдар күрделі жөндеуден өткізіліп, жарықтандырылуда, орталық Жібек жолы көшесі 6 жолақты болып кеңейтілді. 2013 жылы қалалық бюджеттен бағдаршамдардың, жол белгілері мен жол бағыттағыштарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 10 млн. 600 мың теңге қаралып, бүгінгі күні жаңа үлгідегі 31 бағдаршам және жол белгілері мен бағыттағыштарын орнатуға 426 млн. теңге, жол сызықтарына 20 млн.694 мың теңге бөлінді», - деді ол тағы. Қала әкімі бұдан әрі мына жайларды атап өтті: Облыс орталығында абаттандыру жұмыстары қарқын алуда. Осы жылы қалалықтардың өзекті мәселелерінің бірі - жаяу жүргіншілер жолын салуға облыстық, қалалық бюджеттен 923 млн.теңге бөлінді. Аталған қаржыға 24,3 шақырымды құрайтын 20 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, 37 көпқабатты тұрғын үйдің аулаішілік жаяу жүргінші жолдары мен автотұрақтары салынуда (салынатын 20 тротуарға 530 млн. теңге, 37 аулаішілік жол мен автотұрақтарды жөндеуге 393,1 млн.теңге). «Биыл түнгі қаланың көркі еселенетін болады. Республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 549 млн. 900 мың теңгеге қалада ұзындығы 52,3 шақырымды құрайтын 43 көше, ауылдарда 32,3 шақырымды құрайтын 37 көше жарықтандырылуда. Жыл басынан қаржыландырудың барлық көздері есебінен пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артып, 50586 шаршы метрді құрады. Республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 3 млрд. 177 млн. теңгеге барлығы 44063 шаршы метрді құрайтын 26 тұрғын үйді пайдалануға беріліп, 684 отбасы жаңа пәтермен қамтылады», - деді Нұрлыбек Машбекұлы келесі кезекте. Қала әкімі сөзінің соңында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында биыл құны 1 млрд. 218 млн.теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске қосып, 217 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Соңғы жаңалықтар