Қызылорда полициясы жоғалған жасөспірімді саяжайдан тапты
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда полициясының жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жасөспірім дін аман табылып, отбасына қосылды, деп хабарлады "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.
9 қаңтарда сағат 15.00 шамасында 2001 жылғы жасөспірім үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмайды. Келесі күні анасы баласының жоғалып кеткендігі жайлы полицияға хабарлайды. Жасөспірімді іздеуге Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімшесінің жеке құрамы жұмылдырылып, жедел түрде іздестіру шаралары жүргізілді. Үйден кетіп қалуына себеп боларлық жайттар жан-жақты қаралып, баруы мүмкін орындар тексерілді, жақындарынан түсініктемелер алынды. Полиция қызметкерлерінің жүргізген іздестіру шараларының нәтижесінде жасөспірім «Сабалақ» саяжайында тұратын досының үйінде тығылып жатқан жерінен табылды.
Қазіргі таңда, жасөспірімнің жағдайы жақсы деп бағалануда, ол ата-анасына тапсырылды. Үйінен кетіп қалу себептері анықталып, мұндай жағдайлардың алдын алу бағытында тиісті шаралар қабылдануда.
Осы оқиғаға орай, полиция ата-аналарға жасөспірімдер тәрбиесінің, тәртібінің, мінез-құлқының қалыптасуына жауапкершілікті арттырып, жеткіншектердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне бақылауды күшейту қажеттігін ескертеді.