Қызылорда прокуроры 14 жылдан бері шешілмеген даудың нүктесін қойды

Алдымен А.Әбдіров облыс прокуроры С.Нұрпейісовтің жеке қабылдауында болып, борышкер Ғ.Ботабаевтан «Транс Ойл» сақтандыру компаниясы» АҚ облыстық филиалы пайдасына берешегін өндіруге және кепілде тұрған Кенесары көшесі, 33 тұрғын үйдің техникалық құжаттарын қайтаруға ықпал жасау туралы жазбаша өтініш білдірді.
Прокуратура қызмектерлерінің тексерулері барысында аталған тұрғын үйдің 1999 жылы кепілге қойылып, құжаттарының осы кезге дейін қайтарылмауы Ғ.Ботабаевтың шарттық міндеттемелерін орындамауы салдарынан орын алғаны анықталды. Бұл дау 2006 жылғы 14 тамызда Қызылорда қалалық сотында қаралып, соттың ұйғаруымен азаматтық іс бітімгершілік келісімін бекітумен аяқталыпты. Осыған сәйкес, Ғ.Ботабаев филиал алдындағы 500 мың теңге қарызын өтегеннен кейін, филиал даулы үйге меншік құқығын А.Әбдіровке беруге келіскен.
Аталған арызды қарау қорытындысы бойынша прокурорлық ықпал ету шаралары қолданылып, сот актісін орындаудан жалтарған Ғ.Ботабаев Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының биылғы 24 мамырдағы қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 524 бабымен кінәлі деп танылып, оған екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, оның филиал алдындағы берешегі толық өндірілді. Сонымен бірге, қалалық соттың 2006 жылғы 14 тамыздағы ұйғарымына сәйкес, филиал тұрғын үйдің меншік құқығын қалпына келтіріп, оның техникалық құжаттарын А.Әбдіровке қайтарып берді. Бұған қоса, Ғ.Ботабаевтың берешегін өндіру жөніндегі атқарушылық құжаттың бірнеше жыл орындалмауына кінәлі сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігін шешу туралы облыстық сот актілерін орындау департаментіне ұсыныс енгізілді.
«Сөйтіп, А.Әбдіровтің 1999 жылдан бері шешілмей келген дауына нүкте қойылды», - дейді Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Жамбыл Ерғалиев.