Қызылорда тұрғынынан алты миллион теңге тұратын марихуана тәркіленді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда тұрғынынан алты миллион теңге тұратын марихуана тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда тұрғынынан алты миллион теңге тұратын марихуана тәркіленді

Қызылорда қалалық полиция басқармасының Ақсай полиция бөліміне жергілікті тұрғын өз үйінде есірткі заттарын сақтайтыны туралы ақпарат келіп түсті. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің тұрғылықты мекен-жайына тінту, тергеу әрекетін жүргізу барысында пәтеріндегі лоджиясында ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес 103 полиэтилен пакет табылып, тәркіленді.

«Тәркіленген заттар сараптама қорытындысымен 10 кг-нан астам кептірілген марихуана екені анықталды. Сонымен қатар арнайы іс-шара аясында жоғарыда аталған күдіктінің бұл затты жеке пайдалану үшін сақтаумен айналысқаны белгілі болды. Белгілі болғандай, күдікті бұрын ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) бойынша сотталып, 2018 жылы бостандыққа шыққан. Күдікті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Аталған қылмыс үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.