Қызылорда жағалау туризмін дамытуды қолға алмақ

Онда облыс орталығы аумағын кешенді дамыту мәселесі талқыланды.
Қаланың аумағын кешенді дамыту жобасымен таныстырған «Урбостиль» ЖШС директоры Любовь Нысанбаева шараның дер кезінде қолға алынғанына ризашылығын білдірді. Бас жоспарға сәйкес, қала аумағы сол жағалауды қоса есептегенде 11 мың гектардан астамды құрайды. Бүгінгі таңда дарияның сол жағалауын игеруге байланысты қаланың солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс бөліктеріндегі аймақтарды жүйелі түрде дамыту қажеттілігі туындауда.
Кеңесте «Құмкөл-Жезқазған» бағытынан келетін көліктердің қалаға кірмей, айналма жол арқылы жүретін жобасы ұсынылды. Компаниялар индустриялық аймақтан жер алып, онда мұнай базалары мен жүк қоймаларын сала алады. Сыртқы айналма жол осы орталықтарға да тиімді. Бүгінгі таңда Қызылорда теміржол вокзалы да жүк пойыздарының жүктемесінен оларды мерзімінде сұрыптап, уақытылы жөнелте алмай отыр. Осыған байланысты №11 бекет маңында жаңадан жүк сұрыптау стансасын салу көзделуде. Қаланың ішінде қалған теміржол тұйықтарының қызметін реттеу қажеттігі туындауда. Бұл станса қалаға келетін жүктерді арнайы орындарға түсіріп, уақытылы жөнелтуге мүмкіндік береді.
«Урбостиль» жетекшісі «Сыр-Ана» ескерткіші мен Тұңғыш Президент паркі аймағындағы дарияның екі жағы қаланың демалыс орындарына айналуы тиістігін айтты. Сонымен бірге Қызылорда су торабы маңындағы аймақтарды қамтитын жағалау туризмін дамыту да жоспарланған.
Басқосуда қала әкімі М.Жайымбетов, Қызылорда теміржол бөлімшесінің бастығы С.Әлішов, облыстық құрылыс басқармасының бастығы Ә.Жылқайдаров және басқалары ой-пікірлерін ортаға салды.
Қаланың аумағын кешенді дамыту тұжырымдамасы жан-жақты талқылаудан кейін, ұсыныстар ескеріле отырып, облыстық мәслихатқа бекітуге ұсынылады.