Қызылордада 200 млн теңге салықтан жалтарған кәсіпкерге үкім шықты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада 200 млн теңгеден астам көлемде салықтан жалтарған кәсіпкерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 10 жылдан астам «тұрғын үйлерге құрылыс жұмыстарын көрсету» бағытында жұмыс жасаған серіктестіктің салыққа байланысты заңсыздыққа жол бергенін анықтады. Серіктестік директоры декларацияны табыс етпеу немесе салық салынатын басқа да нысандарды жасыру жолымен бюджетке төленетін міндетті төлемдерден жалтарған. Оның көлемі 200 млн 256 мың теңгені құрады.

Айта кетерлігі, сотталушы 2017-2018 жылдары 5 заңды тұлғадан белгілі көлемде сыйақы беру арқылы іс жүзінде орындалмаған жұмыстар, көрсетілмеген қызметтер және тиеп-жөнелтілмеген тауарлар үшін жалған шот-фактура, орындалған жұмыс актілерін, қолма-қол есеп айырысқандығы жөнінде квитанция құжаттарын сатып алған.

«Қызылорда қаласының №2 соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 245-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп таныды. Онда ұйымдарға салынатын салықты және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару жағдайы көрсетілген. Сот оған кәсіптік немесе коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметін атқару құқығынан үш жыл мерзімге айыру, шартты түрде бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Және осы мерзімге пробациялық бақылау тағайындалды. Жауапкер жалтарған салық сомасын өндіруге міндеттелді», - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылорда облысында 136 млн теңге көлемінде салықтан жалтарған кәсіпкер анықталған болатын.


Соңғы жаңалықтар