Қызылордада 24 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Қызылорда қаласындағы Титов кентінде 24 пәтерлі тұрғын үйдің пайдалануға берілуіне байланысты салтанатты рәсім болып өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Аталмыш тұрғын үй бұрын жарамсыз болып қалған баспананың орнына салынды. Ал рәсімде сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осыдан үш ай бұрын апатты жағдайда тұрған үйге келгенінде, оның тұрғындарына бұл жайдың орнына Жаңа жылға дейін жаңа ғимарат соғып беруге уәде еткенін еске алды. Жаңа салынған көп қабатты үйдің құны 208,453 млн. теңгені құрады. Облыс басшылығының тікелей бақылауында болған оның құрылысын мердігерлік мекеме - «ИнтегроСтрой» ЖШС санаулы айлардың ішінде салып шықты. Құрылысты салған кәсіпорын кейін кездесіп жатқан кемшіліктер болса, оны тез арада қалпына келтіріп беруге де уәде етіп отыр.

Аймақ басшысы сонымен қатар үстіміздегі жылы тек облыс орталығында ғана құрылыс жұмыстарының көлемі 116,5 пайызға артып отырғанын айтты. Жыл басынан бері 92 600 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соған қарамастан, тұрғын үйге деген сұраныс азаймай тұр. Қазір қаланың өзінде 12 547 адам кезекте тұр. Қаланың тұрғын үй қорының есебінде 21 үй бар.

Қ.Көшербаев сөзінің соңында жаңа үй тұрғындарына кілттерін табыс етті. Тұрғындар атынан Болат Бисембаев облыс басшысына осы қамқорлығы үшін алғысын білдірді. Ал үй тұрғындары ішіндегі жасы ең үлкен қариясы Жаңа жылға жаңа табыстар тілеп, ақ батасын берді.

Соңғы жаңалықтар