Қызылордада 409 483 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 409 483 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен қамтылды. Бұл - екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 90,5 пайызы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада 409 483 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

Айта кету керек, өңір коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау көрсеткіштері бойынша алғашқы бестікте тұр. Қызылорда облысында 9 желтоқсандағы мәлімет бойынша бірінші компонентпен 409 483 адам (90,5 %) қамтылды, екінші компонент 359 394 адамға (79,4 %) жетті.

Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 7 адам тіркелді. Олардың 5-і Қызылорда қаласында тұрса, ол аудандар бойынша Сырдарияда - 1, Жаңақорғанда - 1 адамды құрайды.

Өткен жылдан бері Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 19 354 науқас тіркелген. Олардың 18 809-ы жазылып шықты.

«Облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен, сақтық шарасына бей-жай қарауға болмайды. Адам көп шоғырланған орындарда бетперде режимі мен әлеуметтік ара қашықтық сақталуы тиіс. Сондай-ақ, қазір тұмау тарайтын кез. Вирус жұқтырып, иммунитетті әлсіретіп алмау қажет», - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысында 8 мыңнан астам адам Pfizer вакцинасын салдырды.