Қызылордада 5 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қабылдады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында бүгінгі күнге дейін 5 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қызылорда облысында қатерлі індетке қарсы екпе қабылдау шарасы 1 ақпаннан басталған болатын. Сол уақыттан бері 5292 адам екпе қабылдауға ниет білдірді. Облыста 22 ақпаннан бастап 1290 адам вакцина салдырды.

Бүгінде облыстағы барлық ауданда ресейлік «Спутник V» вакцинасының алғашқы дозалары салынуда. Қауіпті кеселге қарсы екпе салдырғандар қатарында Жаңақорған және Сырдария аудандарының тұрғындары да бар.

Коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары Жаңақорған және Сырдария аудандарында жүйелі жүргізілуде. Қос ауданда вакцинациялау наурыз айында басталды. Бүгінде Жаңақорғанда 200, Сырдарияда 100 адамға екпе салынған.

«Ауданда вакцина салуға дейін жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілді. Екпе кабинеттері қажетті құрылғылармен жабдықталды. Ай басында ауданға коронавирус инфекциясына қарсы екпенің бірінші және екінші компонентіне 400 доза жеткізілді. Жалпы екпе салынғандар арасында ауыр асқынулар орын алған жоқ. Негізі, аудан бойынша 5249 адам вакцина алуға ниет білдіріп отыр. Сол себепті сәуір айынан бастап ай сайын 580 доза вакцина егуді жоспарлап отырмыз», - деді Жаңақорған ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Яхия Шорабаев.

Алғашқы кезеңде халықпен үнемі тығыз байланыста болатын медицина қызметкерлері, инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдем, реанимация бөлімшелері, науқастарды қабылдау бөлмесі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің медицина қызметкерлері және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшыларына екпе салынды. Енді қалған дозалары кезең-кезеңімен жеткізілсе, сәуір айында полиция қызметкерлері мен педагогтарға ерікті түрде екпе салынады.

«Вакциналау жұмыстарын жүргізу үшін аудандық ауруханада санитарлық-эпидемиялогиялық талаптарға сәйкес егу бөлімін дайындап, екпе егуге 4 дәрігер, 3 медбике және 3 медициналық тіркеуші мамандарын жұмылдырдық. Алғашқы кезең үшін бізге 200 доза жеткізілді. Егу жұмыстарын алдымен инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары, қоғаммен жиі байланыс орнататын адамдарға жүргіздік. Алғашқы кезеңнің бірінші компоненті 100 дозасы аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының қызметкерлеріне салынды», -деді Сырдария ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Нұржамал Мырзағалиева.

Айта кеетйік, бүгіннен бастап Қызылордада оқушылар төртінші тоқсанда аралас форматта білім алады.



Соңғы жаңалықтар