Қызылордада 5 жасар бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада көпқабатты тұрғын үйден бес жастағы қыз бала құлап, жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада 5 жасар бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті

Аталған оқиға 17 мамыр күні Қызылорда қаласындағы «Астана» мөлтек ауданында орын алған. Сол сәтте ол үйде ата-ананың қарауынсыз қалған.

«Соңғы уақытта облыста балалардың терезеден құлау оқиғасы жиі кездеседі. Биыл мұндай оқиға екінші мәрте тіркеліп отыр. Қазіргі таңда баланың жағдайы орташа. Облыстық балалар ауруханасында дәрігерлер бақылауында», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің баспасөз маманы Әлия Ережепова.

Ал, 2019 жылы 7 бала осындай жағдайға тап болып, оның ішінде бір бала оқиға орнында қаза тапқан. Зардап шеккендердің негізгі бөлігі - 1-6 жас аралығындағы балалар.

Бұдан бұрын Қызылордада екі жастағы сәби үшінші қабаттан құлап кетті.