Қызылордада 52 көпқабатты үй газсыз қалды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында жоғары қысымды жерасты газ құбырында газдың ағып кетуіне байланысты көппәтерлі 52 тұрғын үй газсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайында басқару басқармасына 5 желтоқсан 12.50-де ақпарат келіп түсті.

Онда қаланың сол жағалау бөлігіндегі бес қабатты №52 тұрғын үйдің жанында, диаметрі 110 мм жоғары қысымды жерасты газ құбырында газдың ағып кеткені айтылған.

«Осыған байланысты авариялық ажырату жүргізіліп, көппәтерлі 52 тұрғын үй (3001 абонент) газсыз қалғаны белгілі болды. Газдың сөнуі жылумен жабдықтауға әсер еткен жоқ. Тұрғын үйлер автономды-блокты кіші қазандық арқылы жылытылады. Қалпына келтіру жұмысын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ 20 маманы 2 техникамен атқарды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.

Ведомство мәліметінше, оқиға орнына департаменттен 3 қызметкер барған.

Сағат 16.20-да «ҚазТрансГазАймақ» АҚ күшімен жөндеу-қалпына келтіру жұмысы толық аяқталған.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордадағы 5 қабатты тұрғын үйдің шатырын жел ұшырып кетті.

Соңғы жаңалықтар