Қызылордада 52 жастағы кісі ауыл маңындағы су айдынына батып кетті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 52 жастағы тұрғын ауыл маңындағы су айдынына суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада 52 жастағы кісі ауыл маңындағы су айдынына батып кетті

Оқиға бүгін, 8 маусымда сағат 18.42 кезінде болған.

Сол уақытта төтенше жағдайлар қызметіне Арал ауданы Райым ауылдық округіне қарасты Жетес би ауылынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан су айдынында 1970 жылы дүниеге келген азаматтың батып кеткені жөнінде хабарлама түсті.

«Аталған шақырту бойынша Арал ауданы Қамбаш елді мекенінен жедел құтқару жасағының қызметкерлері жолға шықты. Құтқарушылар 19.40-та 52 жастағы азаматтың жансыз денесін судан алып шықты. Ол өзі суға түскен аумақтан 10 метр қашықтықта су астынан табылды», деді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 12 адам суға кеткен. Оның 5-еуі - бала.

Осы орайда Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды су айдынында қауіпсіздікті қатаң сақтауға және рұқсат етілмеген жағажайда суға түспеуге шақырады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада суға батып кеткен елордалық жасөспірімнің денесі табылған еді.