Қызылордада 56 жастағы ер адам Сырдария өзеніне батып кетті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада 56 жастағы ер адам Сырдария өзеніне батып кетті. Оқыс оқиға 9 мамырда Қызылорда қаласынан 40 шақырымдай қашықтықта орналасқан Көкжиде стансасы аумағында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада 56 жастағы ер адам Сырдария өзеніне батып кетті

Кірпіш зауытында жұмыс істейтін 1966 жылғы азаматтың Сырдарияға батып кеткені жөнінде хабар сағат 16:40 шамасында түскен.

«Оқиға орнына жедел құтқару жасағынан 6 қызметкер 1 техника және 1 моторлы қайықпен барды. Құтқарушылар тарапынан іздестіру жұмыстары басталды. Ол 9 мамырда 20:00 шамасында тоқтатылып, бүгін 10 мамырда 7:30 шамасында қайта жалғасты. Оның мәйіті 14:00 шамасында батқан жерінен 20-25 метрдей қашықтықта табылды», - деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада жапан түзде жоғалған қойшы жігіт екі күннен кейін табылды.