Қызылордада 900 грамм салмақта дүниеге келген нәресте үйіне шығарылды
Биыл 28 наурызда Қызылорда қаласының 22 жастағы тұрғыны Мөлдір Жұбаниязова облыстық перинаталдық орталығында жүктіліктің 27-ші аптасы мерзімінде шарананы дүниеге алып келді. Нәрестенің салмағы 900 граммды құраса, бойы 30 сантиметрді шамалады.
«Облыстық перинаталдық орталық мамандары нәрестелер реанимациясы және қарқынды терапия бөлімшесінде сәбиге ерекше күтім жасады. Оған сапалы емдеу жасап, ұзақ уақыт бойы бақылауды жүргізді. Нәтижесінде сәби 27-ші тәулікте нәрестелер патологиясы бөлімшесіне ауыстырылды. Онда аса ұқыптылықпен күтім жасалып, сапалы емі жүргізу жалғасты. Өмірге келгеніне шамамен 2 ай өткенде, 58-ші тәулікте аман-есен анасымен үйіне шығарылды, Сәбидің салмағы 2 келіні құрады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Облыстық перинаталдық орталығында жыл басынан бері 275 сәби мерзімінен бұрын өмірге келді. Орталық шала туған сәбилерді күтуге, оңалтуға қажетті жабдықтардың барлығымен толық қамтылған.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында Қызылордада үшем дүниеге келді.