Қызылордада «Абай қазынасына саяхат» клубы ашылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада «Абай қазынасына саяхат» клубы ашылды. Оған ұлы ақынның мұрасына ерекше қызығушылық танытып жүрген азаматтар мүшелікке қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жағымды жаңалық облыс орталығындағы «Достық үйінде» өткізілген мәдени шара барысында белгілі болды. Клубқа Абай мұрасына ерекше қызығушылық танытып жүрген 35 адам қабылданды .

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен мазмұнды шара барысында бірқатар азаматтар ой-пікірін білдірді. Олардың қатарында филология ғылымының кандидаты, доцент, абайтанушы Сара Бақтиярқызы, ұлы ақынның 200 өлеңін жатқа білетін жас филолог Елена Пак, Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Александр Абанин, Абайдың бейнесін әсем бейнелейтін жас қылқалам шебері Жайна Балықбаева және өзге де азаматтар бар.

Тағылымы мол шараны «Қоғамдық келісім» орталығының аға сарапшысы, клуб жетекшісі Шакизат Абдраманова және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Елена Пак жүргізді. Ең алдымен клубтың мақсат-міндеттері, алдағы жұмыс-жоспарлары таныстырылды. Ұлы Абайдың шығармашылығы туралы абайтанушы Сара Бақтиярқызы сөз сөйлеп, дала данышпаны атанған тұлғаның мұрасы жөнінде өз пікірін білдірді. Жас ұрпақты Абайдай дананың кәусар бұлағынан сусындап өсуге шақырды. Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Александр Абанин Абайдың Пушкин, Лермонтовпен ұштастырған бейнесі жөнінде ой бөлісті.

Танымдық шарада клуб мүшелері «Көзімнің қарасы» әнін әсем орындалды. Тұсаукесерде ұлы ақының бейнесін өзіндік танымы арқылы бейнелеп көрсеткен жас қылқалам шебері Жайна Балықбаеваға қатысушылардың ілтипаты ерекше болды. Клубтың соңында мүшелікке қабылданған 35 адамға арнайы әзірленген «Абай клубының мүшесі» куәлігі табысталды.

Бұдан бұрын Қызылордада Абайға арналған кітап көрмесі ашылғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар