Қызылордада «Алаш идеясы және ұлттық идея» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Алаш партиясына -100 жыл толуына орай «Алаш идеясы және ұлттық идея» атты дөңгелек үстел отырысы өтті,-деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары, облысқа белгілі тарихшылар, жазушы-журналистер мен кітапхананың тұрақты оқырмандары және студенттер қатысты.

Шараны ашқан кітапхана директоры Нұржамал Мырзамұратова: «Егеменді ел болғалы тарихымыз түгенделіп, қазақ зиялылары мен Алаш арыстары жөнінде көптеген тарихи-танымдық кітаптар жарыққа шықты. Бұның барлығы тәуелсіздігіміздің жетістігі», - деді.

Мұнан соң тарихшылар осыдан бір ғасыр бұрынғы Алаш партиясының құрылу тарихы жөнінде әңгіме қозғады. Сол кезеңде өмір сүрген қазақтың ұлтжанды ұлдарының бір ғана арманы болған. Ол - тәуелсіз мемлекет құру еді. Міне, сол азаттықты аңсаған елін бодандықтан құтқару мақсатында 1917 жылы Алаш партиясы құрылады. Онда рухы мықты, сауатты ел азаматтары жиналып, тәуелсіздікке ұмтылыс жасай бастады. Дегенмен де, олардың бұл әрекеттері Кеңес үкіметінің наразылығын тудырды. Соңында бірі ату жазасына кесілсе, енді бірі қудалауға ұшырады.

«Алаш зиялыларының өз еліне, жеріне деген патриоттық сезімі жоғары болып, ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндеді. Мәселен, олар жерге ең алдымен қазақ ие болу керек, жерасты байлығын қазақ пайдалануы керек, өз өнімін өзі өндіретін ұлттық экономика, қазақ тілінің мемлекеттілігі, діні мен ділінің үстемдігі болуы керек және білімі дамуы керек деген сияқты бағыттарды ұстанды. Бұл идеяларды елге танытуда қазақ баспасөзінің рөлі өте жоғары болды. Ахмет Байтұрсынов: «Баспасөз - халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бағаласа, Міржақып Дулатов: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп дәл анықтама берген», - деді тарихшылар.

Ал, біздің білетініміз Алаш зиялыларының басым көпшілігі жазушы әрі ағартушы болған. Бұл олардың сауатты, өз еліне, жеріне деген патриоттық рухтың жоғары болғандығын аңғартса керек. Шараға қатысушылардың пікірлері осыған саяды.

Соңғы жаңалықтар