Қызылордада әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дәрілер 50 пайыздық жеңілдікпен беріледі

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында балаларды оңалту орталығы, қалалық емханаларда, дәріханада болып, облыс орталығында салынып жатқан перзентхана құрылысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.
None
None

Балаларды оңалту орталығында болған кезде Салидат Қайырбекова ана мен бала денсаулығын қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Жүйелі жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Қазақстанда соңғы 5 жылдың ішінде ана өлімінің 3 есеге, бала өлімі 1,5 есеге азайғанын тілге тиек етті.

Келесі кезекте қалалық №1 емханада министр күндізгі стационарға кіріп, емделіп жатқан науқастармен әңгімелесті. Қалалық №3 емханада болған кезінде Салидат Қайырбекова азаматтарды медициналық ұйымға тіркеу және электрондық құжат айналымын енгізу барысымен танысты.

Министр «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасы Жолдауында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға басымдық берілгенін атап көрсетті. Осы орайда азаматтармен әңгіме барысында профилактикалық тексерулерден уақытылы өтудің маңыздылығына тоқталып, бұл шара аурулардың алдын алудың негізі екенін еске салды.

Мұнан кейін Министр «Еврофарм» дәріханасында болып, дәрі-дәрмек бағасын ұстап тұру жөніндегі Меморандумдар шеңберінде белгіленген бағаға назар аударды. Дәріхана басшылығы өз бастамаларымен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дәрілерді 50 пайыздық жеңілдікпен беретіндерін жеткізді.

Биылғы жазда пайдалануға беру жоспарланып отырған перзентхана құрылысымен танысқан Салидат Қайырбекова нысанның уақытылы және сапалы салынуына, сондай-ақ бөлінген бюджет қаражаты толықтай игерілуі керектігін тағы бір мәрте еске салды, делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар