04:45, 01 Ақпан 2022 | GMT +5
Қызылордада «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асуда
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге аса бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы үш жылда 15-28 жас аралығындағы жастардың жалпы санында оқымайтын, жұмыс істемейтін және өз біліктілігін арттырмайтын жастардың үлесі көбейді. Мұндай азаматтар NEET санатындағы жастар қатарында саналады.
Бүгінде оларды жұмыспен қамту мақсатында іс-шаралар іске асуда. Нәтижесінде аталған санаттағы жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы қолға алынған. Биыл осы жобамен 147 адамды еңбекпен қамту жоспарлануда.Бұл бағытта облыстық «Жастар ресурстық орталығында» NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау бөлімі құрылды. Облыс бойынша жастардың дерекқор базасын жасақтау мақсатында адрестік жұмыстар бастау алды.
«Қазіргі таңда 1 наурызға дейін облыс орталығы мен аудан орталықтарында адрестік жұмыстар жалғасуда. Аталмыш жұмыстар аяқталғасын тиісті дерекқор базасы жасалады. Аталған санаттағы жастардың санын азайту, оларды оқыту, жұмыспен қамту, әлеуметтендіру, кәсіпкерлікке баулу және өзге бағыттар бойынша тиісті салаларға ұсыныстар беріледі», - деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаш.
Жоба аясында түлектердің алған мамандығы бойынша жұмыс орындары құрылады. Жалақыны субсидиялау мерзімі 18 айдан аспайды. Осы жылы жобаға қатысушылардың жалақысы 91890 теңгеге дейін көтерілуде. Жергілікті бюджеттен 108,1 млн.теңге қаржы бөлінді. Алдағы уақытта республикалық бюджеттің нақтылануына 1000 адамды қамту үшін қосымша қаржы қажеттілігі туралы ұсыныстар жолданды. Ал, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының түлектері үшін жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында ұйымдастырылатын жастар практикасына 2091 адамға 960,7 млн.теңге бөлініп отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылдан бастап жастар практикасына қатысушылардың жалақысы 76575 теңгеден 91890 теңгеге дейін көтерілді. Қатысу мерзімі 6 айдан 12 айға дейін ұлғайтылуда. Қатысушылар санын 5 мыңға дейін көбейту жоспарлануда», - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева.
Айта кететін жайт, жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлердегі де бос жұмыс орындары ұсынылады.
Еске салсақ, Қызылордада «Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсіл» жобасы жүзеге асырылуда.