Қызылордада ангиографиялық зертхана құрылады
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада 2 ангиографиялық зертхана құрылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы мақсатта мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында келісімшартқа қол қойылды. Аталмыш шара барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жобалардың маңыздылығын атап өтті.
«Біз осының нәтижесінде облыстық медициналық орталық пен Қазалы аудандық орталық ауруханасында ангиографиялық зертхана құруға қол жеткіземіз. Барлық қажетті шаралар жүргізілді. Қазіргі таңда аймақта мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құны 34 млрд. теңге болатын 75 жоба іске асырылуда», - деді Қырымбек Көшербаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қазіргі таңда аймақта 2009 жылы облыстық медициналық орталық базасында орнатылған жалғыз ангиографиялық қондырғы бар. Соның көмегімен 5 мыңнан астам зерттеу жүргізіліп, операция жасалған. Нормативтерге сәйкес, 1 ангиографиялық қондырғы 250 мың адамға есептелген. Аймақта оған жалпы қажеттіліктің тек 40 проценті ғана қамтылған.
«Ангиографиялық зертханалардың құрылуымен қатар, алғаш рет аудандық аурухана деңгейінде МЖӘ аясында эндоваскулярлық хирургия енгізіледі, бұл жоғары технологиялық медициналық қызметтерді халыққа қолжетімді етуге мүмкіндік береді», - деді А. Әлназарова.
Өткен жылы «Медтроник Қазақстан» ЖШС Қызылорда облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеке қаржылық есебінен 2 ангиографиялық қондырғы құру туралы бастама көтерген еді.
Айта кетерлігі, ангиографиялық зертхана жүрек-қан тамырлары жүйесі сырқатына шалдыққандарға мамандандырылған емдеу-диагностикалық көмек көрсетуге арналған.
Иллюстрациялық фото: volynka.ru