Қызылордада «Әр жанұядан бір тал» атты жалпыхалықтық шара өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында «Әр жанұядан бір тал» атты жалпыхалықтық шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған шара барысында қала тұрғындары тал егу акциясына белсене қатысты. Таза қала үшін сенбілік жұмыстарына жұмыла атсалысты. Тұрғын үйлердің, аулалардың және көшелердің аумағында тазалық іс-шаралары жүргізілді.
Осындай игілікті шараның бірі - облыс орталығындағы И.В.Панфилов атындағы № 5 мектеп-лицейінде жалғасын тапты.
Аталған білім ордасында «Таза табиғат» жобасы аясында «Әр жанұядан бір тал» акциясы ұйымдастырылды. Оған №5 мектеп-лицейдің 1-11 сынып ата-аналары мен оқушылары қатысты. Жас өрендер түрлі жеміс ағашын отырғызып, басқа ағаштардың көшетін екті.
Сондай-ақ, жергілікті халық «Денсаулық және демалыс» саябағында көшет отырғызып, экологиялық акцияға үн қосты. Наурыз мерекесі аясында өткен шарада зиялы қауым, түрлі сала қызметкерлері мен белсенді жастар және еріктілер аллея алаңын көшетпен көмкерді.
Саябақ ішінде қызылордалықтар терек, қарағаш, үйеңкі ағаштары сынды 700 түп ағаш екті.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада республикалық «Көктем нұры» оқушылар айтысы өткізілді.