17:48, 16 Қаңтар 2015 | GMT +5
Қызылордада «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында жастар ҰОС ардагерінің үйінде болды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Кеше еліміздің барлық аймақтарында «Жастар - Отанға!» еріктілер жасағының жұмысы бастау алды. Бұл туралы «Жас Отан» Жастар қанатының Атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов жастардың ҰОС ардагерімен Қызылорда облысында өткізілген кездесуінде жариялаған болатын.
Шара барысында Нұрлан Сыдықов ардагерді келе жатқан Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Ардагерлерді ардақтайық!» жобасының аясында «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері тарапынан ҰОС, еңбек және жалғыз басты ардагерлерге тұрақты түрде көмек көрсетіліп келеді. Жастар ардагерлердің өмірімен танысып, соғыс жылдарындағы өнегілі әңгімелерін тыңдады. Осы орайда, кеше еріктілер Ұлы Отан соғысының ардагері Жұбандық Нұралиевтің үйіне көмек көрсету мақсатында барып қайтты. Жұбандық Қожабергенұлы 1924 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Сталинград қаласын, сонымен қатар Украина, Беларусь және Польша елдерін азат етуге қатысқан.