Қызылордада Асқар Жұмаділдаев үздік жас математиктерге сыйлық табыстады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында 14-29 жас аралығындағы жастарға Асқар Жұмаділдаев атындағы «Үздік жас математик» сыйлығы берілді. Үздік деп танылған 10 жасқа Асқар Жұмаділдаев арнайы сертификаттар мен 100 мың теңге сыйақы табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Аталмыш сыйлықты ұйымдастыруға Қызылорда қаласы әкімдігі қаржылай қолдау білдіріп келеді. Марапаттау рәсімінде А. Жұмаділдаев жас математиктерді қолдауға арналған арнайы сыйлық еліміз бойынша тек Қызылорда қаласында ғана екендігін ерекше мақтанышпен айтып, келесі жылды осы жобаның ауқымын кеңейтуді ұсынды.

Қызылорда қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл байқау республика көлемінде өте танымал және сәтті жобаның біріне айналды. Сондықтан ол жас математиктер арасында зор сұранысқа ие болып келеді.

«Менің атыммен аталатын түрлі байқау және сыйлық ұйымдастырғысы келіп ұсыныс білдірген қалталы азаматтар мен мекемелер көп. Бірақ, барлығы тек сөз жүзінде қалып қойды. Ал, тікелей жас математиктерге арналған Асқар Жұмаділдаев атындағы «Үздік жас математик» сыйлығын тағайындап, оны жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан тек Қызылорда қаласының әкімдігі. Ал ғылымның нақты бір саласына осылайша байқау ұйымдастырып, оны тұрақты түрде қолдап білдірген жерлестеріме ризашылық білдіргім келеді», - деді Асқар Жұмаділдаев.

Сондай-ақ, аталмыш шара барысында Сыр өңірінің дамуына үлкен үлес қосып жүрген 10 жалынды жасқа қала әкімінің «Самғау» сыйлығы мен 100 мың теңгеден сыйақы табысталды.

Соңғы жаңалықтар