13:29, 06 Шілде 2010 | GMT +5
Қызылордада Астана мерекесіне орай өткізілген патриоттық әндер конкурсында Шоқан Уәлиханов топ жарды
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 6-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ -Қызылордадағы мәдениет және демалыс паркінде Астананың мерекесіне орай «Елім менің» атты патриоттық әндердің конкурсы болып өтті.

Былтырдан бері ел байтағының туған күні құрметіне өткізіліп келе жатқан конкурсқа бұл жолы облыс аудандары мен көрші облыстан 13 конкурсант қатысты. Облыстық халық шығармашылығы орталығының мұрындық болуымен керуен түзген ән байқауының қорытындысында Жаңақорған ауданынан келген Шоқан Уәлиханов бас бәйгені жеңіп алды. Конкурстың бірінші жүлдесі қызылордалық оқушы Жазира Қайырбергеноваға бұйырса, екінші орынды шымкенттік Жазылбек Серікбаев иемденді. Бұдан басқа тағы үш вокалист үшінші орынның сый-сияпаттарына ие болды.