Қызылордада ауыл тұрғыны шеңгел мен сексеуілдің арасына есірткі өсірген
Ол «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық шарасы кезінде қолға түсті.
Қызылорда қаласында тұратын 37 жастағы жұмыссыз азамат Шиелі ауданына қарасты Жуантөбе ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жердегі шеңгел мен сексеуіл арасында сора өсірген.
«Арнайы баптап өсірілген сораның ұзындығы 60-70 сантиметрге жеткен. Полицейлер оқиға орнынан ірі есірткі алқабынан бөлек арнайы кептірілген марихуана, сора өсіруге арналған арнайы жабдықтар, екі насос, палатка, мотор және өзге де заттарды тәркіледі. Тәркіленген 4 116 түп сора өсімдігінің жалпы салмағы 34 келіні құрады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Ведомство мәліметінше, күдікті Шиелі аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігімен және 300-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада синтетикалық есірткі заттарын тасымалдаған алматылық бойжеткен қолға түскен еді.
Фото: polisia.kz