Қызылордада баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында не істеліп жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қабылданып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Қызылорда қаласы және барлық аудан әкімдігі тарапынан әлеуметтік сауда орындарындағы өнімдердің бағасына күн сайын мониторинг жүргізілуде.
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ «айналым» схема бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі аясында заем беру арқылы шаралар қабылдануда.
«Облыста баға тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс жасайды. Өнім қорларын қалыптастыру мақсатында облыстық бюджеттен соңғы үш жылда (2020-2022) 3,4 млрд. теңге бөлінді.
Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1451,2 тонна өнім бар. Оның ішінде 394,7 тонна бірінші сұрыпты бидай ұны, 64,1 тонна қарақұмық жармасы, 172,8 тонна күріш, 48,4 тонна макарон, 108,4 тонна картоп, 200 тонна басты пияз, 90,9 тонна күнбағыс майы, 185,0 тонна сәбіз, 50,0 тонна қырыққабат, 136,9 тонна қант өнімі бар», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан.
Бүгінгі күні «айналым схемасы» бойынша 973 млн. теңге 18 кәсіпкерлік субъектілеріне заем берілді. Осы заем алған кәсіпкерлердің 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік және тұрақтандыру қорындағы өнімдер «Байқоңыр» ӘКК қарасты Қызылорда қаласында орналасқан 36 әлеуметтік дүкенде және қосымша 14 ірі супермаркетте келісім негізінде ашылған әлеуметтік бұрыштарда нарықтан төмен бағада сатылуда.
«Барлық әлеуметтік дүкенде нан 55, қант 263, өсімдік майы 630, картоп 130, сәбіз 130, басты пияз 65, қырыққабат 90, 1 сортты ұн 135, қарақұмық жармасы 415, күріш 200, макарон 200, сиыр еті 1650, тауық еті (окорочка) 785, жұмыртқа 32, сүт 280, айран 225, сүзбе 1283, сары май 2504, тұз 40 теңгеден сатылуда», - деп мәлім етті басқармадан.
Ведомство мәліметінше, нан бағасын 90 теңгеден артық емес бағада сатуды қамтамасыз ету мақсатында наубайхана иелерімен келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде нан наубайханадан 80-85 теңгеден босатылып, бөлшек саудада 90 теңгеден асырмай сату жөнінде келісілді.
Биылғы жылдың қаңтар мен тамыз айлары аралығында республика бойынша нан бағасын тұрақтандыру мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-мен астық өндірмейтін оңтүстік өңірлерге арзандатылған бидай бөлу шаралары қабылдануда.
2021 жылдың желтоқсан айынан бастап аптасына бір рет «Байқоңыр» ӘКК» АҚ ұйымдастыруымен Қызылорда қаласы мен барлық аудандар бойынша тұрақтандыру қорының және оның қарыз алып отырған әріптестері арқылы 389,5 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері «Көлік үстінен» төмен бағамен сатылып келді.
Жалпы облыста сауда орындарында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті, азық-түлік өнімдерінің тапшылығы байқалмайды.
Еске салсақ, Қызылордада «Өңірлік геоақпараттық жүйе» жобасы қолға алынды.