Қызылордада «Балалар түнгі қалада» рейді барысында 271 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат -13-15 қаңтар аралығында облыс көлемінде мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйым өкілдерін тарта отырып «Балалар түнгі қалада» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД сілтеме жасап.
Жүргізілген іс-шара барысында ішкі істер органдарына барлығы 271 кәмелетке толмағандар жеткізілсе, оның ішінде 233 кәмелетке толмағандар түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағандары үшін, қалған 38-і ішкі істер органдарының профилактикалық және тізімдік есептеріне алынғаны үшін әкелінді.
Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша, ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін барлығы 6 ата-анаға хаттама толтырылса, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін кәмелетке толмағандар түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуы және сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде болуы) бойынша барлығы 204 кәмелетке толмағандар анықталып, олардың заңды өкілдеріне хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы (бұзақылық) және 435-бабы (кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық) бойынша 16 кәмелетке толмағандар мен олардың заңды өкілдеріне хаттама толтырылып, тиісті шара көру үшін жергілікті жерлердегі әкімшілік соттарға жолданды. ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 2-бөлігі бойынша (жасы он сегізге толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі) 2 дерек анықталды.
ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы, яғни ҚР заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзғаны үшін 6 дүкен иесі мен сатушысына, ҚР ӘҚБтК-нің 133-бабы, яғни он сегіз жасқа толмаған адамдарға темекі бұйымдарын сатқаны үшін 6 дүкеншіге, ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы, яғни кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін 5 ойын-сауық мекеме иелеріне хаттама толтырылды.