Қызылордада барлық спорт үйірмелеріне тегін қатысуға болады

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласында орналасқан бірқатар спорттық нысандарды аралап, онда үйермелерде шеберлігін шыңдап жүрген жасөспірімдермен кездесіп, жаттықтырушылармен пікірлесті.
Алдымен аймақ басшысы «Мұз айдыны» кешенінде болды. Қазір мұнда 615 бала грек-рим күресі, көркем гимнастика, шайбалы хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, волейбол, баскетбол сынды спорттың 7 түріне тартылған.
Кездесуде облыс әкіміне грек-рим күресінен жаттықтырушы Алмат Әуешов жастардың спортқа деген белсенділігінің жыл санап артып жатқанын тілге тиек етті. Ал көркем гимнастикадан тәлім алып жүрген Әсел Марат спортқа деген ынта-жігерінің жоғары екенін айтып, дайындық барысындағы ерекше сәттерімен бөлісті.
Одан кейін аймақ басшысы «Тарлан» спорт кешенін аралады. 2016 жылы пайдалануға берілген нысанда 120 спортшыға арналған корпус, 24 орындық жатақхана салынған. Кешен ашылғалы 20 ҚР спорт шебері, 78 ҚР спорт шеберіне үміткер дайындалды.
Кешенде балаларға арналған 3 жаттығу залы қаралған. Мұнда бокс, таэквондо, пауэрлифтингтен 350 спортшы шұғылдануда.
Жүздесу барысында облыс әкіміне бокстан облыстың аға жаттықтырушысы Жәміл Жүсіпов балалар арасындағы бокс спортының қарқыны жоғары екенін айтып өтті.
Аймақ басшысы «Нұрым» жеке спорт кешенінің жұмысымен де танысты. Мұнда каратэ, қазақ күресі, дзюдо, таэквондо сынды спорт түрінен 260 бала шынығуда.
Айта кету керек, биылдан бастап жеке спорттық нысандарға баратын балалар үшін төленетін қаржыны жан басына қаржыландыру тәртібімен реттеу жүзеге асуда. Бұл үшін облыстық бюджеттен 212 миллион теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде 2156 бала спорттық секцияларға қамтуға мүмкіндік алды.
Жүздесу барысында Гүлшара Әбдіқалықова облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспановқа балалар мен жасөпірімдерді спорттық секцияларға белсенді түрде тарту жұмыстарын әлі де жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, спорт шеберлері арқылы болашақ чемпиондарды шығару мәселесіне жете назар аудару қажеттігін қаперге салды.
Биыл өңірде «Нұрсәт» теннис орталығының 4 жабық теннис корты және байдарка, каноэде есу базасының құрылыстары аяқталды. Сонымен бірге «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 спорт кешенінің құрылысы басталмақ.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда жұртшылығы Қамшыбек Қоңқабаевқа көлік мінгізді.