Қызылордада базар бағасы қатаң бақылауда

ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік – Ұлттық валютамыздың долларға қатысты жаңа бағамы белгіленіп, теңгенің еркін айналымға жіберілгенінен бері базар бағасы жергілікті билік тарапынан қатаң бақылауда тұр.
None
None
Тұтыну рыногындағы көпшілік халық көп тұтынатын тауарлар мен азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауына жол бермеу мақсатында жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпанның 16-сында ұсынған мәліметіне сүйенсек, кейбір тұтыну тауарларының бағасы біршама төмен түскенін байқаймыз. Атап айтқанда, күнбағыс майы, жұмыртқа, қой еті, сүт, нан, пияз және сәбіз бағасы біршама төмендеген. Өкінішке қарай, тауық, құс еті және жанармай бағаларында өсу бар. Шиелі ауданында бірінші сұрыпты ұнның бағасы Сыр өңіріндегі ең арзаны болып тұр. Аудан тұрғындары оның киләсін 52 теңгеден сатып алуда. Облыс бойынша бөлке нанның орташа бағасы 37 теңге болса, ол Қармақшы, Сырдария және Шиелі аудандарында 35 теңгені құрайды. Арал ауданында қой еті арзан. Аудандағылар бір килә қой етін 450 теңгеден алады. Облыс бойынша ол 550 теңгені маңайлайды. Қызылорда қаласы мен барлық ауданда құс еті біршама қымбаттаған. Сүттің литрі облыста 108 теңгені шамаласа, ол Сырдария ауданында небәрі 80 теңгеден сатылуда. Ал күнбағыс майының ең арзан жері ? Жаңақорған ауданы. Ауданда пияз бен сәбіз облыстың басқа өңірлерінен төмен бағамен сатылуда. Ал картоп барлық өңірде қымбаттаған. Қармақшы мен Жалағаш аудандарында қант бағасы бұрынғы деңгейін сақтап, әр киләсі 110 теңгеден сатылуда. Жанармай бағасында ауытқушылық бар. Мәселен, облыс бойынша көлік иелері АИ-80 бензинін - 53, АИ-92 бензинін - 70, АИ-96 бензинін 83 теңгеден құйса, Арал мен Шиеліде АИ-80 бензині - 52, Шиеліде АИ-92 бензині - 64 теңгеден сатылуда. Ал облыста дизель майының бағасы 67 теңгеге жетсе, ол Шиеліде - 45, Жаңақорғанда 59 теңгені шамалайды. Қазір жергілікті басшылық тарапынан жанармай бағасын ауыздықтау бағытында тиісті іс-шаралар қолға алынуда.
Соңғы жаңалықтар