Қызылордада бес күн бұрын жоғалған бойжеткен Тараздан табылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада бес күн бойы хабарсыз кеткен 20 жастағы бойжеткен Тараз қаласынан аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада бес күн бұрын жоғалған бойжеткен Тараздан табылды

Еске салсақ , ол 26 қыркүйекте сағат 12.00 шамасында белгісіз бағытқа шығып кеткен. Содан бері одан хабар-ошар болмаған.

Іздестіру жұмыстарына Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы, еріктілер және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Іздеу шаралары аясында әлеуметтік желілер және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындар ақпараттандырылды.

«Полиция қызметкерлерінің күшімен қаланың көп қабатты шатырлары, өжірелері және ауладағы люктары назарға алынды. Сондай-ақ, саяжайлардағы тастанды үйлер, құрылысы бітпеген ғимараттар, жертөлелер мен жалдамалы пәтерлер тексерілді. Іздестіру жұмыстары облыстық Полиция департаментінің, Полиция басқармасының басшылығының қатаң бақылауында болды. Нәтижесінде бүгін, 30 қыркүйекте жоғалған 20 жастағы бойжеткен Тараз қаласынан аман-есен табылып, ата-анасына тапсырылды», - деп мәлім етті Қызылорда қалалық полиция басқармасынан.