Қызылордада білім көрмесі ұйымдастырылды

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілген іс-шараның басты мақсаты - мектеп бітіруші талапкерлердің болашақтағы бағытын айқындауына жол сілтеу. Болашағына бүгіннен бастау іздеген жастарға 5 жоғары, 10 орта арнаулы, 2 кәсіптік лицей есіктерін айқара ашып, оқу ордалары туралы түсініктеме берді.
Білім көрмесінде талапкерлер алдағы оқу жылдарында мамандарды даярлау бойынша жоғары және орта арнаулы оқу орындары, сондай-ақ 2010-2011 оқу жылына арналған «Жол картасы» бағдарламасы бағыттары бойынша техникалық және кәсіптік маман даярлаудың мемлекеттік білім тапсырысы жайынан толық хабардар болды. Биылғы жылы аталмыш бағдарлама аясында 12 орта арнаулы оқу орнына - 1200, ал 12 кәсіптік лицейге - 300 мемлекеттік білім гранты беріліп отыр.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта білім көрмесі аудан орталықтарында жалғасын табады.