Қызылордада білім мекемесі басшылары жемқор қызметкері үшін жауапкершілікке тартылады
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің хабарлауынша, жергілікті білім беру ұйымдарының басшылары қарамағындағы қызметкерлерінің құқық бұзушылықтары үшін жекелей жауапкершілікке тартылуы жөнінде келісімге қол қойды. Былтыр желтоқсан айында Сыр өңірінде «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды.
Мұндай шараның білім беру саласынан басталуы бекер емес. 2017 жылы аймақта білім саласында 15 сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс орын алды. Соның салдарынан салалар арасында осындай олқылыққа жол берген алғашқы үштікке енді. Былтыр профилактикалық шаралардың нәтижесінде ол 40 пайызға төмендеді. Атап айтқанда, бұл салада 9 қылмыс орын алған.
Дегенмен, соңғы жылдарда ұстаздар қауымы сыбайлас жемқорлыққа бейім салалардың алғашқы бестігінен түспей отыр. Осыған орай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе отырып білім саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Облыстық білім басқармасына қарасты барлық колледждер мен мектептердің басшылары қатысқан кездесуде білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында білім беру ұйымдарының басшылары қарамағындағы қызметкерлерінің құқық бұзушылықтары үшін жекелей жауапкершілікке тартылуы жөнінде келісімге қол қойды.
«Келісім негізінде директорлар білім мекемелеріне бөлінген бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз етуді және қызмет бабын пайдаланып қызметкерлерден, ата-аналардан, студенттерден сый-сыяпаттар алмауды, ақша жинау фактілерін болдырмауды жекелей жауапкершіліктеріне алады. Сонымен қатар, колледждерде сессиялардың таза өтуі қатаң бақылауда болады», - деді Қызылорда облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байқожаев.
Бұдан бұрын Қызылордада пара бермейтіндер саны артқанын хабарлаған едік.