09:29, 23 Тамыз 2014 | GMT +5
Қызылордада бір мезетте 58 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүруде
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биылғы жылы облыста алғашқы рет бір мезетте 58 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы журналистермен кездесу кезінде облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов айтты.

Бұл дегеніміз балалардың жайлы, ыңғайлы орында сапалы білім, саналы тәрбие алуына мол мүмкіндіктер туғызады.
Аталмыш білім беру нысандарының 46-сы мектеп, 9-ы балабақша, 2-уі лагерь, 1-уі оқушылар сарайы.
Бұның ішінде 7 білім беру мекемесінің күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйектен кейін аяқталады, себебі бұл жүргізіліп жатқан жұмыстардың күрделілігіне және келісім-шарт мерзіміне байланысты. Алайда, бұл білім беру ұйымдарындағы оқу процестерінің өз деңгейінде жүруіне кедергі келтірмейді. Өйткені, білім беру мекемелерінің ішкі жұмыстары толығымен аяқталып, балалардың қауіпсіздігі сақтала отыра, тек сыртқы және қосымша жұмыстар ғана жүргізіледі.
Аталған мақсаттарға бюджеттен 3 млрд. 057 млн. теңге қаржы бөлінген.