Қызылордада біреудің малын сатып жіберген алаяқ саудагер қолға түсті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада полицейлер біреудің малын сатып жіберген саудагерді қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Ақсай полиция бөліміне облыс орталығының 29 жастағы тұрғыны шағым түсірді. Онда бір азамат өзінің 21 бас сиырын сеніміне кіріп, оны сатып жібергені жайында айтылған.
«Алаяқ сатылған малдың ақшасын иесіне қайтармаған. Сол күні оған ұқсас қылмыс бойынша тағы 2 тұрғын арызданды. Алаяқ екі жәбірленушінің 30 бас жылқысын сатып жіберіп, ақшасын иемденген. Бұл бағытта жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Ол 30 жастағы алыпсатар саудагер болып шықты. Ол қалтасына басқан қаражатты өзінің қажетіне жұмсаған. Күдікті аталған қылмыстарды жасағанын мойындады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Ведомство мәліметінше, күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалған. Қазіргі таңда алаяқтың басқа да істерге қатыстылығы анықталуда. Жәбірленушілерге келтірілген шығын мөлшері есептелуде.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда тұрғынның көлігінен есірткі мен қару-жарақ тәркіленді.
https://kaz.inform.kz/news/kyzylorda-turgynnyn-koliginen-esirtki-men-karu-zharak-tarkilendi_a3857881