Қызылордада бірқатар басшыларға қатерлі індетке қарсы екпе салынды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында медицина саласының бірқатар басшылары коронавируске қарсы Ресейде өндірілген «Спутник V» екпесін салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов өңірде қатерлі індетке қарсы екпе салдырған алғашқылардың бірі болды. Ол екпені облыс орталығындағы №3 қалалық емханада салдырды.

Алдымен емхана дәрігері ол кісінің денсаулық жағдайын тексерді. Эпидемиологиялық анамнезі жинақталып, вакцина қабылдауға ешқандай қарсы көрсетілім жоқ екені анықталды. Бұдан кейін басқарма басшысына коронавируске қарсы вакцина егілді. Содан соң ол 30 минут дәрігер қадағалауында болды.

«Облыс халқына жалпы 80 мың доза вакцина салынады деп күтілуде. Бүгінде аймаққа 1000 данасы жеткізілді. Екпе салу облыс орталығындағы №1, 3 және 6 қалалық емханаларда жүргізілуде. Бұл жұмысқа облыс бойынша барлығы 133 мейірбике тартылған», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, бүгін қатерлі індетке қарсы екпе салдырған тұрғындар арасында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жанабергенова да болды. Ол қаладағы №1 емханада коронавирус инфекциясына қарсы Ресейде өндірілген «Гам Ковид Вак» екпесін салдырды.


Айта кетерлігі, облысқа келген 1000 доза вакцина «Салқын тізбек» ережелері сақтала отырып жеткізілді. Ол иммунобиологиялық препараттарды сақтау қоймасында сақталуда. Биылғы жылдың екінші тоқсанынан бастап облыста коронавирус инфекциясына қарсы отандық вакцина салынады деп жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылорда облысы әкімінің орынбасары коронавирусқа қарсы вакцина алғанын хабарланған едік.


Соңғы жаңалықтар