Қызылордада бірнеше пәтер тонаған жігіт сотталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында бірнеше мәрте ірі мөлшерде пәтер ұрлығын жасаған тұрғын бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада бірнеше пәтер тонаған жігіт сотталды

Оқиға Қазалы ауданында тіркелген. Жергілікті тұрғын биылғы жылдың маусым айының 11-30 күндері бірнеше үйден дүние-мүлік ұрлап кеткен.

Осылайша оларға ірі мөлшерде шығын келтірген.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 1,2,3-тармақтарымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.

Онда тұрғын үй-жайға бірнеше рет кіру арқылы бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде жасырын жымқыру жағдайы көрсетілген.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында дәлелдемелер жинақталып, сот сараптамасы жүргізілді. Осыған сәйкес Қазалы аудандық сотының үкімі негізінде 25 жастағы айыпталушыға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды» деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.