Қызылордада биыл 31 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылған

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен биыл 31 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада биыл 31 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылған

Ағымдағы жылдың 11 айында Әдеп жөніндегі кеңестің 13 отырысы өткізіліп, онда 67 мәселе қаралған. Күн тәртібінде 42 тәртіптік іс талқыға түсті. Оған қоса 17 рет мемлекеттік орган басшылары мен әдеп жөніндегі уәкілдердің есебі тыңдалған.

«Кеңестің шешімімен Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін - 13 мемлекеттік қызметші, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін - 18 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды. Олардың арасында 2 облыстық басқарма басшысының орынбасары, 1 аудан әкімінің орынбасары, 3 аудан әкімі аппаратының басшысы бар. Сондай-ақ, 1 аудандық мәслихат аппаратының басшысы, 6 кент және ауылдық округ әкімі, 1 аудандық басқарма басшысы, 4 дербес бөлім басшысы, 13 өзге де лауазымды тұлғаға тиісті шаралар көрілді», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев.