Қызылордада биылғы оқу жылында 305 сынып карантинге жабылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биылғы оқу жылында 305 сынып карантинге жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қызылорда облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, аурушаңдық азайды. Мәселен өткен тәулікте 1 жағдай анықталды. Облыс бойынша инфекциялық стационарда 67 науқас ем қабылдауда. Ал реанимациялық төсек-орында 11 науқас емделуде.

«Облыста вакцинациялау жұмыстары өткен жылдың 1 ақпан күні басталды. Қазіргі таңда облыс азаматтарын вакцинациялау жұмыстары жалғасын табуда. Қазір өңірде вакцинациян 1 компонентімен егілгендер саны - 423 544, халықтың қамтылуы - 93,6 пайыз. Екі компонентті толық қабылдағандар саны - 412 739 адам (91,2 пайыз)», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.

Облыста 22 медициналық мекемеде коронавирус инфекциясына қарсы егу жұмыстары жүргізілуде. Бұл орындар сағат 09.00 мен 18.00 аралығында үзіліссіз жұмыс істейді.

«Ауруларды медициналық бақылауға алу мерзімі 14 күннен 10 күнге азайған. Осыған байланысты соңғы 10 күндегі аурушаңдық көрсеткіші 21,8 % құрап, алдыңғы 10 күнмен салыстырғанда аурушаңдық 4 есеге төмендеп отыр», - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Ыдырысова.

Айта кету керек, биылғы оқу жылында облыста 726 мектеп оқушысы коронавирус жұқтырды. Карантинге жабылған сыныптар саны - 305.

Еске салсақ, Қызылордада 423 мыңнан астам адам вакцина салдырды.


Соңғы жаңалықтар