Қызылордада бокстан ересектер арасында жазғы спартакиада басталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада бокстан ересектер арасында жазғы спартакиада басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыс 2-7 мамыр аралығында өтеді. Оған еліміздің барлық өңірінен былғары қолғап шеберлері келді.

Бокстан еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевтың айтуынша, жақында Таиландта өткен Азия чемпионатында бақ сынаған спортшыларымыз бұл жарысқа қатыспайды. Себебі екі жарыстың арасы өте жақын. Олар толық қалпына келіп үлгермейді.


«Біз спартакиадада ұлттық құрамаға үміткер боксшыларды таңдаймыз. Сондай-ақ, шілде айында Азия чемпионатында бақ сынаған боксшылардың қатысуымен Президент кубогы сарапқа салынады. Сол дүбірлі додада қай боксшының бабында екені таразыға тартылады. Сондықтан спартакиадаға қатысқан спортшылар арасынан алдағы уақытта ұлттық құрамаға шақыру алатын жігіттер шығуы мүмкін», - деді Ғалымбек Кенжебаев.

Айта кетейік, жарысқа еліміздің барлық өңірінен 10 салмақ дәрежесінде 150-ге тарта боксшы қатысады.

Соңғы жылдары Қызылордада бокс жоғары деңгейде дамып келеді. Сыр топырағынан шыққан Қамшыбек Қоңқабаев Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Жақында өткен Азия чемпионатында Тұрсынбай Құлахмет чемпион атанса, Қамшыбек Қоңқабаев екінші орын алды.


«Қазіргі таңда Қызылорда облысында бокс спортымен жалпы 4 мыңға жуық спортшы шұғылданады. Оның ішінде балалар-жасөспірімдердің 18 спорт мектебінде 2552 бала шеберлігін шындауда. Бүгінгі боксшыларға үлгі болған спорт шебері, Универсиада жеңімпазы Нақышбек Көбеков, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнованың жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ, жақында Азия чемпионатында облыс абыройын асқақтатқан Қамшыбек Қоңқабаев пен Тұрсынай Құлахмет ел мерейін тасытты», - деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.

Айта кетейік, спорттың 40 түрінен V жазғы спартакиада республика бойынша ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап өткізіліп келеді. Соның ішінде Қызылорда облысында гандбол мен бокстан спартакиада өткізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар