Қызылордада егісті сумен қамтамасыз етуге арналған кесте қатаң қадағаланады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында егісті сумен қамтамасыз ету мақсатында жасалған арнайы кесте қатаң қадағаланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен селекторлық жиында егісті суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Аймақ басшысы өңірде орын алған қуаңшылық мәселесі аса күрделі екеніне назар аударды. Ол өңірдің ауыл шаруашылық саласына айтарлықтай қиындық туғызып отыр.

«Нарын-Сырдария аумағында жиналған судың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд 878 миллион текше метрге кем. Осыған байланысты облыста вегетациялық кезеңде егінді қажетті сумен қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қабылданды. Егінді әлі бір айдан астам уақыт бойы сумен қамтамасыз етуіміз тиіс. Сондықтан мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Әлі де өзекті екенін айта кеткеніміз абзал», - деді облыс әкімі селекторлық жиында.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев суармалы сумен қамту жұмыстарын, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы директоры Хамит Биімбетов су айдындарының ахуалын баяндады. Cуармалы суды тиімді пайдалану мақсатында облыста 93 су қондырғысы жұмыс жасауда.

Осы орайда облыс басшысы Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне егісті судан қалдырмауға баса назар аудару қажет екенін атап өтті. Осы мақсатта «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы тарапынан бекітілген «Су тапшылығы жағдайына байланысты каналдар бойынша кезектестіріп суландыру» кестесі қатаң сақталуы тиіс. Оған қоса су беру көздеріне су тартатын қондырғылар орнатуды міндеттелді. Бұл жұмыстарға пайдаланылатын және суармалы сумен толықтай қамтамасыз ету үшін дизель отынын жеткізу мәселесі де әкімдер назарынан тыс қалмауы талап етіледі.

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы мамандары Сырдария өзені арқылы егіске алынатын суды кестеге сәйкес бөлінуін қадағалайды. Ал Қармақшы, Қазалы және Шиелі аудандарында коллекторларға қойылатын су тарту қондырғыларын 20 шілдеге дейін аяқтау жүктелді. Оған қоса кәсіпорын мамандарына магистралды каналдарды жедел түрде тазалау жөнінде тапсырма берілді. Сатып алынатын 43 дана насос қондырғысы елді мекендерге жедел жеткізу қадағаланады.

Еске салсақ, Қызылорда облысында жол желісін дамыту жақсара түсті.

Соңғы жаңалықтар