Қызылордада екпе қабылдауға қабілетті халықтың 93 пайызы вакцина алды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 422 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл - екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 93,4 пайызы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада екпе қабылдауға қабілетті халықтың 93 пайызы вакцина алды

Өңірде санитарлық эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. Осыған байланысты облыс «жасыл аймаққа» өтті. Өткен тәулікте 12 адам қатерлі инфекция жұқтырды.

Аймақта коронавирусқа қарсы иммундау науқанына 106 екпе кабинеті, оның ішінде аудандарда 91 кабинет тартылған. Сондай-ақ, шалғай ауылдарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын арнайы орындарда (ірі сауда ойын-сауық орталықтары, базарлар және басқалары) вакцинациялау жүргізіледі.

Қазір облыста вакцинацияның бірінші компонентімен егілгендер саны - 422843 адам, ол екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 93,4 пайызы. Екінші компонентпен қамтылғандар саны - 411617 адам.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында жыл басынан бері 4,5 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды.