Қызылордада екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 92,9 пайызы вакцина салдырды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 92,9 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде коронавирусқа қарсы вакцинаны 420463 адам салдырды. Бұл - екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 92,9 пайызы.
Ал 89,5 пайызы иммундаудың толық курсынан өтті.
Облыста қатерлі індетке қарсы вакциналау жұмысына бір жыл толды. Алғашқыда ресейлік «Спутник V» препараты қолданылды. «Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен рұқсат етілген вакциналар да тұрғындарға салынуда. Екпе аламын деген азамат үшін барлық таңдау бар. Өңірде вакцинациялау «QazVac», «SinoVac», «Pfizer» препараттарымен жүргізіледі», - деп мәлім етті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Медициналық ақпараттық жүйенің мәліметтеріне сәйкес 1 ақпандағы жағдай бойынша тиісті контингенттің 92,9 пайызы вакциналаудың 1 компонентімен қамтылса, 89,5 пайызы иммундаудың толық курсынан өткен.
Ведомство мәліметінше, облыс бойынша 106 екпе кабинеті бар және жылжымалы егу бригадаларының саны 36. Бүгінгі күні вакцинациялау және ревакцинациялау үшін облыста екпе қоры жеткілікті. Иммундаудан кейін асқыну жағдайлары орын алған жоқ.
Еске салсақ, Қызылорда облысында 64 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті.