Қызылордада Елбасы Жолдауын насихаттауға арналған ақпараттық-насихат тобы құрылды
Аталған топтың мақсаты - биылғы Елбасы Жолдауының басым бағыттары мен негізгі міндеттерін жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білім алатын жастар арасында ақпараттық насихаттау. Оның құрамына облыстық ішкі саясат, білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының қызметкерлерімен қатар жас көшбасшылар тартылды. Сонымен қатар ақпараттық-насихатттық топтардың жоғары және арнаулы орта оқу орындарында болу кестесі бекітіліп, ақпараттық-насихат жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілетін болады.
Ақпараттық-насихаттық тобы бүгін өзінің бірінші кездесуін кестеге сай М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледж студенттерімен өткізді. Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары А.Қайроллаев жүргізді. Онда ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Елбасы Жолдауының бағыттары мен міндеттеріне сәйкес денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, білім беру, ғылым саласы бойынша өзгерістер мен ерекшеліктер, «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Кездесу соңында жаңадан ашылған «Қызылорда жастары» қауымдастығының таныстыру рәсімі өткізілді.